Өз еліме адал еңбек етуден еш жалықпаймын – Мария Мудряк
АСТАНА. KAZINFORM — Мария Мудряк наурыз айында Қазақстанға жақсы жаңалықтарымен оралмақ. Өнер иесі «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында түрлі байқауларда ел намысын лайықты деңгейде, абыроймен қорғауға уәде етті.
Еске сала кетейік, опера әншісі Президент Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болған еді.
Мемлекеттік награданы отандасымызға Рим қаласына іссапармен келген Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыстады.
– Мұндай жоғары дәрежелі марапатқа ие болу – зор құрмет. Биыл кәсіби мансабымның басталғанына 28 жыл толды. Өз еліме адал еңбек етуден еш жалықпаймын. Өз Отанымды әлемдік сахнада таныстырып, өнер көрсету – мен үшін зор бақыт. Ел абыройын түрлі байқауларда лайықты деңгейде қорғауға тырысамын, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Өнер иесі шығармашылығындағы жаңалықтарымен де бөлісті.
– Биыл Моцарттың «Дон Жуан» операсындағы кейіпкер «Донна Анна» мен «Графияны» рөлдерінде және «Барлық әйелдер солай істейді» операсындағы кейіпкер «Фьордилиджи» рөлінде дебютім болды. Италиядағы Қазақстан концертінен кейін Қытайға сапар шегемін. Қытайдың бас опера театрында өнер көрсетемін, – деді әнші.
Опера әншісі Қазақстанға наурыз айында «жағымды жаңалықтарымен» келетінін айтты.
Айта кетейік, Джузеппе Верди атындағы Милан консерваториясының түлегі Мария Мудряк бүгінде әлемнің жетекші опера сахналарында өнер көрсетіп жүр. Ол халықаралық мамандардың бағалауы бойынша әлемнің үздік он сопраносының қатарына енген.
Мария Мудряк 10 жасынан бастап Италияда вокалдық өнерді меңгерген. 2014 жылы Миландағы Джузеппе Верди атындағы консерваторияны магистр дәрежесімен тәмамдаған.
Бұған дейін Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан 50-ден астам ақмолалық мемлекеттік наградамен марапатталғанын жазған едік.