Өз елінде алимент төлеуден қашып жүрген шетелдік Атырауда ұсталды

Фото: Фото: ҚазАқпарат

Атырауда өз елінде алимент төлеуден жалтарып, халықаралық іздеуде болған шетелдік ұсталды. Ол қоғамдық орында мас болып жүрген, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 2 қазаннан бері «Заңсыз келуші – 2023» іс-шарасы өтіп жатыр.

– Аталған іс-шараның алғашқы күнінде көші-қон заңнамасын бұзған 200-ге жуық шетел азаматы анықталды. Оның ішінде 151 шетелдік Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 517-бабының 3,4,5,6 және 7-бөлімін бұзғаны үшін жауапқа тартылды. Аталған құжаттың 518-бабымен 46 шетелдік жазаланды. Құқық бұзған 6 шетелдік азаматтық іс жүргізу және әкімшілік тәртібімен ел аумағынан шығарылды. Ал, жеке басын анықтайтын құжаттардың болмауына байланысты Өзбекстан Республикасының 16 азаматы қабылдау-тарату орнына орналастырылды, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Шетелдіктің бірі – 1984 жылғы азаматтың өз елінде алимент төлеуден жалтарғаны анықталды. Ол 2 қазанда түнгі мезгілде қоғамдық орында мас күйінде жүрген.

– Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері шетелдіктің жеке басын куәландыратын құжатын тексерді. Сол кезде оның Өзбекстан Республикасында алимент төлеуден жалтарғаны үшін халықаралық іздеу жарияланғаны анықталды, – деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда рұқсатсыз жұмыс істеген 19 шетелдікке 86 мың теңгеден айыппұл салынғанын хабарлаған едік.