Өзбекстан ақылы негізде шекарадан кезексіз өту тәртібін енгізеді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанның Министрлер кабинеті азаматтардың шекарадан өту тәртібін жеңілдетуге бағытталған қаулыны қабылдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Құжатқа сәйкес, шекарадан өтетін азаматтарға ақылы негізде кезексіз өту қызметі енгізіледі.
Ол үшін жеке немесе заңды тұлғалар өткізу пунктіне келгенге дейін Кеден комитетінің ресми сайты арқылы өтініш беруі тиіс. Мұндай қызметтің бағасы 56 250 сум (шамамен 2 250 теңге). Тиісінше, өтініш негізінде алынған QR-коды бар электрондық талонды кеденшілерге көрсетіп, шекарадан кезексіз өтуге болады.
Қаулыда жазылғандай, қызметті пайдаланушылар арнайы бөлінген аймақтарда (дәліздерде, VIP-орындар) кезектен тыс кедендік бақылаудан өтеді. Қалған адамдарға жалпы кезек тәртібімен қызмет көрсетіледі.
Мұндай тәртіп қазақ-өзбек шекарасындағы 4 өткізу бекетіне енгізіледі.
Еске салайық, Өзбекстан Қазақстан мен Тәжікстан шекарасынан ID-картамен өту тәртібін енгізуді жоспарлап отыр. Былтыр қарашада Олий Мажлистің Заң шығару палатасы депутаттарының алдында сөз сөйлеген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев осылай мәлім етті.
Сонымен қатар, Өзбекстан мен Әзербайжан шекарадан жеке куәлікпен өту тәртібін енгізуі мүмкін.