Өзбекстан мен Әзербайжан шекарадан жеке куәлікпен өту тәртібін енгізуі мүмкін
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстан мен Әзербайжанның жауапы ведомстволары екі елдің шекарасынан жеке куәлікпен өту тәртібін енгізу мүмкіндігін талқылап жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігіне қарасты Dunyo агенттігінің мәліметінше, екі елдің консулдығы мен көші-қон қызметінің өкілдері онлайн форматта келіссөз жүргізді. Оның барысында шекарадан ID-карта арқылы өту процедурасын келісу мүмкіндігі қаралды.
— Бұл қадам азаматтардың сапарын оңтайландыруға, екіжақты байланыстарды нығайтуға және көші-қон саясаты саласындағы ынтымақтастықты ілгерілетуге ықпал етеді. Яғни, паспорт рәсімдеуді қажет етпей, шекарадан ID-картамен (жеке куәлік — авт.) өтуге мүмкіндік береді, — делінген Dunyo ақпарат агенттігінің хабарламасында.
Еске салайық, Өзбекстан Қазақстан мен Тәжікстан шекарасынан ID-картамен өту тәртібін енгізуді жоспарлап отыр. Былтыр қарашада Олий Мажлистің Заң шығару палатасы депутаттарының алдында сөз сөйлеген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев осылай мәлім етті.