Өзбекстан басшысы Ораза айт қарсаңында 488 адамға рақымшылық жасады

Фото: Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Ораза айт қарсаңында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев «Жазасын өтеп жатқан, жасаған ісіне өкінетін және өмірін өзгертуге бет алған адамдар тобына рақымшылық жасау» жарлығына қол қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Жарлыққа сай, 488 адамға рақымшылық жасалды. Олардың ішінде 100 сотталған негізгі жазасын өтеуден толық босатылса, 268 адам мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығады. Сонымен қоса, 34 адамның жазасы жеңілдетіліп, бас бостандығынан айырылған 86 азаматтың мерзімдері қысқарды.

Рақымшылық жасалғандардың қатарында шет мемлекеттердің 17 азаматы, 37 әйел, 60 жастан асқан 37 ер адам, 30 жасқа дейінгі 167 адам (оның ішінде 1 адам кәмелетке толмаған), сондай-ақ тыйым салынған ұйымдардың қызметіне қатысқан 5 азамат бар.

Жарлықты орындау шеңберінде жауапты ведомстволарға рақымшылық алған адамдарды отбасына қайтару, олардың қоғамға бейімделуіне жәрдемдесу және жұмысқа орналастыру жөнінде тапсырмалар берілді.

Еске салайық, былтыр сәуірде Ораза айт қарсаңында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев 426 адамға рақымшылық жасаған еді.

Сонымен қатар, былтыр желтоқсанда Өзбекстан басшысы Конституция күніне орай 483 адамға рақымшылық жасады.

Қоса кетсек, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Наурыз мерекесіне орай 897 сотталушыға рақымшылық жасады.

Ал Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов Қадір түні құрметіне 321 сотталушыға рақымшылық жасады.