Өзбекстан ДСҰ-ға қосылу бойынша Үндістанмен арадағы келіссөзді аяқтады

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) қосылу бойынша Өзбекстан мен Үндістан арасында жүргізілген екіжақты келіссөз аяқтады. Бұл туралы ДСҰ мәселелері жөніндегі президенттің арнайы өкілі Азизбек Урунов мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Фото: Azizbek Urunov/linkedin

Азизбек Урунов Өзбекстанның ұмтылысына қолдау білдіргені үшін үндістандық тарапқа алғыс білдірді. Ұзақ уақыт бойы жүргізілген күрделі келіссөздердің нәтижесінде екі ел тиісті хаттамаға қол қойды. Сәйкесінше, құжат ДСҰ-ның хатшылығына жолданды.

Еске салайық, таяуда көршілес елдің президенті Шавкат Мирзиёев жауапты шенеуніктерге Өзбекстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылу процесін биыл аяқтау бойынша тапсырма берді.

Бұған дейін Өзбекстанның ДСҰ-ға қосылу процесі кешігуі мүмкін екенін жазып едік. Сонымен қатар ДСҰ-ға қосылу бойынша өзбек тарапы 2024 жылы АҚШ және Қытаймен арада өткен келіссөздерге нүкте қойды.