Өзбекстан құрылыс саласындағы келісімшарттарды цифрландырады

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Жауапты ведомство басшыларымен өткен кеңесте Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев құрылыс саласындағы сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған шараларды атады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар. 

Фото: Kazinform

Өзбекстан басшысының баспасөз хатшысы Шерзод Асадов мәлім еткендей, жемқорлықпен күресу үшін 1 шілдеден бастап құрылыстағы барлық келісімшарттар цифрлы форматқа көшіріледі.

Сондай-ақ, мердігер ұйым орындайтын жұмыстар салық органына ұсынылатын электрондық шот-фактура негізінде ғана қаржыландырылады. 

Бұған қоса, Шавкат Мирзиёев нысанды қабылдап алу процесі де цифрландырылып, құжаттар «Шаффоф курилиш» (Таза құрылыс) жүйесі арқылы расталуы тиіс екенін атап өтті.

Ал өндіруші, құрылыс жүргізетін компания мен оның барысын қадағалайтын органға онлайн режимде материалдардың құнын біліп отыратын жүйе жасақталады.

Сонымен қатар жобалау саласында тәртіп орнату мақсатында Құрылыс министрлігінің құрамынан жобалық кеңсе құрылады.

«Бұдан былай жобалық кеңсенің ұсынысы болмаған жобалық құжаттар мемлекеттік сараптамаға қабылданбайды», — деп мәлім етті Өзбекстан президенті.

Шавкат Мирзиёев Бас прокуратураға құрылыс материалдарын өндіруден бастап дайын өнімді тұтынушыға жеткізетін тізбекте көлеңкелі экономика болмайтындай жүйе құруды тапсырды.

Еске салайық, бұған дейін Өзбекстан президенті саладағы олқылықтар салдарынан құрылыста 50 трлн сум ($4 млрд) көлеңкеде қалып отырғанын мәлімдеген болатын.