ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Біріккен Араб Әмірліктерінің Жасанды интеллектті дамыту министрі Омар бин Сұлтан әл-Оламамен кездескен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев ел астанасында деректерді өңдеу орталығын құру бастамасын талқылады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
- Кездесу нәтижесі бойынша энергетика саласына жасанды интеллектті енгізу мүмкіндігін қарастыру және Ташкентте деректерді өңдеумен айналысатын ірі орталық құру келісілді, - делінген Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сонымен қатар, Шавкат Мирзиёев өзбекстандық студенттерді Мұхаммед бин Заид атындағы жасанды интеллект университетінде оқытуды ұсынды.
Еске салайық, таяуда Өзбекстан мен Ресей ғалымдары зорлық-зомбылықты анықтайтын нейрондық желі жасап шығарды.
Өзбекстан басшысы мемлекеттік органдарға қызметтік шығындарды қысқартуды тапсырды.
Әлихан Асқар
2018 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары облыстық Qostanai, республикалық Astana TV, «Жетінші арна» телеарналарындағы бағдарлама және жаңалықтар бөлімінде қызмет етті. «ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылдың мамырынан бастап еңбек етеді. 2023 жылдан бері Kazinform агенттігінің Өзбекстандағы меншікті тілшісі.