Өзбекстан мен Түрікменстан өзара тауар айналымын 2 млрд долларға жеткізбек
САМАРҚАНД. KAZINFORM – Бүгін Самарқанд қаласында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев пен Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Тараптар кездесуінде өзбек-түрікмен қарым-қатынасын тереңдете түсу мүмкіндіктері талқыланды. Әсіресе, Ш.Мирзиёев пен Г.Бердімұхамедов өзара тауар айналымын арттыру жобаларына ден қойды. Мәселен, былтыр қос ел арасындағы сауда-саттық 1,1 млрд долларға теңелді. Алдағы жылдары бұл көлемді 2 млрд долларға жеткізу жоспарланып отыр.
Өзбекстан президенті мен Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы өңірлік ынтымақтастықты ілгерілетуге бағытталған бастамаларға айрықша тоқталды. Атап айтқанда, тараптар «Орталық Азия плюс +» форматындағы алдағы саммиттер мен биыл Ташкентте өтетін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының жетінші Консультативтік кездесуінде көтерілетін мәселелерге қатысты пікір алмасты.
Екіжақты келіссөз аяқталған соң Ш.Мирзиёев Г.Бердімұхамедовті Өзбекстанның жоғары мемлекеттік наградасы «Олий Даражали Дўстлик» (Жоғары Дәрежелі Достық) орденімен марапаттады.
Еске салайық, бұған дейін Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов Қазақстанда сапармен болып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен бейресми кездесу өткізді.
Кейін ол Қырғызстанға сапарлап, президент Садыр Жапаровпен келіссөз жүргізді.