Өзбекстан мен Үндістан бірлескен әскери оқу-жаттығу өткізіп жатыр

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанның Наманған облысындағы «Гурумсарай» полигонында екі елдің бірлескен әскери оқу-жаттығуы басталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Фото: Өзбекстанның қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 120-ға жуық әскери қызметші қатысып жатқан оқу-жаттығу 25 сәуірге дейін жалғасады. Оның басты мақсаты – әскери ынтымақтастықты нығайту және таулы жерлерде операциялар жүргізу машықтарын шыңдау.

Фото: Өзбекстанның Қарулы Күштері

Оқу-жаттығу барысында әрекеттерді бірлесіп жоспарлау, тактикалық іс-қимыл және арнайы қару-жарақты қолданудың негізгі дағдыларына ерекше назар аударылады.

- «Достық – 2026» жаттығулары бірлескен операцияларды жүргізу бойынша тәжірибе алмасуға және командалық үйлестіруді нығайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл екіжақты қорғаныс ынтымақтастығын дамытуға негіз болады, - делінген министрліктің хабарламасында.

Еске салайық, былтыр қазанда Өзбекстандағы «Каттакурган» полигонында Қазақстан, Тәжікстан, Әзербайжан және Қырғызстан қорғаныс күштерінің «Бірлік – 2025» әскери оқу-жаттығуы өткен еді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ильхам Әлиев 2026 жылы Әзербайжанда ТМҰ елдерінің әскери жаттығуларын өткізуді ұсынған еді.

Фото: Өзбекстан Қарулы Күштері