Өзбекстан президентінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Шавкат Мирзиёев мемлекет басшыларының кеңесімен қатар, «ШЫҰ плюс» форматындағы кездесуге қатысады.
Саммит барысында ШЫҰ аясындағы көпжоспарлы ынтымақтастықты дамыту және ұйым қызметін жетілдіру мәселелері қаралады. Бұған қоса, халықаралық және өңірлік өзара іс-қимыл мәселелері де талқыланбақ.
Кездесу қорытындысы бойынша Астана декларациясын және экономика, қауіпсіздік, экология, энергетика, туризм және өзге де бағыттағы әріптестікті кеңейтуге арналған құжаттарды қабылдау жоспарланып отыр.
Мұнымен қатар Өзбекстан президенті Астанаға жасайтын жұмыс сапары барысында бірқатар шетелдік делегация басшыларымен екіжақты кездесулер өткізеді.
Еске салайық, 3-4 шілдеде Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтеді. Мемлекет басшыларының кездесуі барысында елорданың әуе кеңістігі күшейтілген режимде күзетіледі. Сондай-ақ, Астана қаласының төңірегіне блок-посттар қойылып, діни нысандар бақылауға алынды.