Өзбекстан ЮНЕСКО-ның Жасанды интеллект мектебін ашуды ұсынды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев ЮНЕСКО-ға қарасты Жасанды интеллект мектебін ашуды ұсынды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
- Біздің басты міндетіміз - ақпараттық технологияларды жетік меңгерген және креативті ойлайтын жаңа буынды тәрбиелеу. Еліміздегі білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні кеңінен енгізу мақсатында біз ЮНЕСКО-ның қатысуымен «Жасанды интеллект мектебі» пилоттық жобасын жүзеге асыруға дайынбыз, - деді ЮНЕСКО Бас конференциясының 43-ші сессиясында сөз сөйлеген Шавкат Мирзиёев.
Бұған қоса, Өзбекстан президенті ұйыммен ынтымақтастықты нығайта түсу қажет екенін атап өтті. Оның пайымынша, материалдық емес мәдени мұраларды сақтау ісіне аса көңіл бөлген орынды.
- Біз ЮНЕСКО-ға қарасты Халықаралық цифрлық мұра институтын құруды ұсынамыз. Тиісінше, 2027 жылы Бұхарада аталған бағыттағы өзара іс-қимылды пысықтауға арналған Халықаралық конгресті ұйымдастыруға дайынбыз, - деп тоқталды Ш.Мирзиёев.
Кейін Өзбекстан президенті жаһандық жылыну, мұздықтардың еруі, шөлейттену және топырақ эрозиясы мәселелеріне назар аударды.
- Климаттың өзгеруі мәдени мұра объектілерінің жағдайына теріс әсер етеді. Экологияны жақсартуға бет алған және айтарлықтай нәтижеге қол жеткізген қалаларға ерекше мәртебе беру керек. Сондықтан біз «ЮНЕСКО-ның Экологиялық астанасы» жаһандық бастамасын ұсынамыз. Сонымен қатар, біз жаһандану және климаттың өзгеруі жағдайында мәдени мұраны қорғауды күшейту шаралары туралы қарар әзірлеуді қолдаймыз, - деп түйіндеді Өзбекстан президенті.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Самарқандта ЮНЕСКО Бас конференциясының 43-ші сессиясы өтіп жатыр. Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев, Сербия президенті Александр Вучич, Словакия президенті Питер Пеллегрини қатысып жатыр.
Аталған іс-шараны Самарқандта ұйымдастыру шешімі 2023 жылы Парижде қабылданған болатын. 40 жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет ЮНЕСКО Бас конференциясының сессиясы Франциядан тыс жерде өтпек.