Өзбекстан жаңа әліпбиге көшпек

АСТАНА. KAZINFORM - Өзбекстанда латын графикасына негізделген жаңа әліпбиді қоғамдық өмірдің барлық саласына енгізу жоспары әзірленді.

Фото: nova24.uz

Министрлер кабинетінің қаулысына сәйкес, жаңа әліпби мемлекеттік құжат айналымында, БАҚ-та, баспа өнімдерінде және ресми құжаттарды рәсімдеуде қолданылады.

Қаулы жобасы қоғамдық талқылау үшін Өзбекстан Әділет министрлігінің сайтында жарияланды.

Жоба 6 желтоқсанға дейін талқыланады.

Құжатқа сәйкес, 2027-2031 жылдары 1-11 сыныптарға арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер жаңа әліпби талаптарына сәйкестендіріледі. Ал бірінші сынып оқушылары жаңа оқулықтармен 2027-2028 оқу жылында оқи бастайды.

Сондай-ақ 5-11 сынып оқушыларының сауаттылығын бағалау үшін 2028 жылғы 1 тамызға дейін уақытша жеңілдіктер қарастырылған.

Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап баспа және электронды БАҚ жаңа әліпбиге көшіріліп, өзгерістерді түсіндіретін теле-радиобағдарламалар әзірленеді.

Тауарлардың қаптамасы мен таңбасында 2027 жылғы 22 сәуірден 2028 жылғы 22 сәуірге дейін екі әліпби нұсқасын қатар қолдануға рұқсат етіледі.

Бұдан бөлек жаңа әліпбиге көшу жеке басын куәландыратын ID-карталарды, шетелдік паспорттарды, жүргізуші куәліктері мен көлік құралдарының техникалық паспорттарын рәсімдеуге де әсер етеді. Дегенмен 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін бұрынғы үлгідегі бланкілерді пайдалануға болады. Ал қолданыстағы құжаттардағы әріптердің жазылу ерекшелігіне қарамастан, олардың заңды күші сақталады.

Сонымен қатар азаматтардың тегі, аты мен әкесінің аты әртүрлі жазылғаны үшін мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартуға болмайды.

Жаңа әліпбиді енгізу цифрлық жүйелерді де қамтиды. Атап айтқанда, мемлекеттік ақпараттық жүйелер, банк қосымшалары мен банкоматтар жаңа әліпбиге бейімделеді. Сондай-ақ компьютерлер мен мобильді құрылғыларға арналған бірыңғай пернетақта стандарты әзірленеді. Бұдан бөлек, Өзбекстан билігі ChatGPT, Gemini, Claude, Grok, DeepSeek және Meta AI әзірлеушілеріне жаңартылған өзбек әліпбиін қолдауды енгізу жөнінде ұсыныс жолдауды жоспарлап отыр.

Бағдарлама жобасында мемлекеттік рәміздер мен наградалардағы жазуларды да жаңарту көзделген. Атап айтқанда, Өзбекстанның мемлекеттік елтаңбасы мен наградаларындағы жазуларға тиісті өзгерістер енгізілмек.

Еске сала кетейік, бұған дейін Өзбекстан Сенаты өзбек әліпбиіне өзгерістер енгізуді мақұлдаған болатын.

Сонымен қатар Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев латын графикасына негізделген өзбек әліпбиін жетілдіру туралы заңға қол қойғанын жазған едік. Заңға сәйкес, өзбек әліпбиі 28 әріп пен апостроф белгісінен тұрады. Өзгеріс төрт әріптің жазылуына қатысты: O‘ o‘ орнына Ö ö, G‘ g‘ орнына Ğ ğ, Sh sh орнына Ş ş, ал Ch ch орнына Ç ç қолданылады.