Өзбекстанда Әдеп кодексін бұзған 60-қа жуық судьяның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан Жоғарғы судьялар кеңесінің төрағасы Холмумин Ёдгоров ел президенті Шавкат Мирзиёевке есеп берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Жиналыс барысында мәлім болғандай, былтыр 59 судьяның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған. Атап айтқанда, 19 судья Әдеп кодексінің талаптарын бұзып, қызметтен босатылса, 3 судья қылмыстық жауапқа тартылды. Сондай-ақ, 58 судья қызметінен төмендетілді. Бағалау қорытындысына сәйкес, 33 судья өз міндетін одан әрі атқаруға лайық емес деп танылып, 266 судьяға тәртіптік жаза қолданылды.
Шавкат Мирзиёев тәртіптік жауапкершіліктің орынды қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында Судьялардың тәртіптік алқасын құруды ұсынды. Бұған қоса жиында судьялар мен олардың отбасы мүшелерінің мүлкін декларациялау жүйесін енгізу, сот аппараттарының қызметкерлерін жұмысқа қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз ету бастамалары талқыланды.
Сонымен қатар, аталған саладағы гендерлік теңдік мәселесі де сөз болды. Тиісінше, Өзбекстан басшысы 10 наурыз - Халықаралық әйел-судьялар күні мерекесін атап өту жоспарына қолдау білдірді.
Қоса кетсек, былтыр Өзбекстанда 5 мыңнан астам жемқорлық қылмысы анықталды.
Мұнымен бірге, Өзбекстанда әлеуметтік желідегі бейәдеп сөз үшін әкімшілік жаза енгізіледі. Сондай-ақ, Өзбекстанда енді шетелдегі қарулы қақтығыстарды жарнамалағандар жауапқа тартылады.