Өзбекстанда АЭС құрылысы бойынша қоғамдық тыңдау өтіп жатыр

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстанның Жизақ облысына қарасты Фариш ауданында АЭС салу ұсынысы бойынша қоғамдық тыңдау өтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Халық пікірін ескеруге бағытталған іс-шара Богдон елді мекеніндегі Мәдениет орталығында ұйымдастырылды. Оған Uzatom агенттігінің басшылығы, облыс әкімдігінің өкілдері, қоғам белсенділері, ғалымдар, экологтар мен сарапшылар қатысып жатыр.

Қоғамдық тыңдауда баяндама жасаған Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің бастығы Азим Ахмедхаджаев республикада стратегиялық нысанды құрудың маңызына тоқталды.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

— Біздің мақсат — қоғамдық тыңдауды ашық, әділ әрі сапалы ұйымдастыру. Өйткені, мұндай ірі жобаны халық пікірін назарға алмастан іске асыру мүмкін емес. АЭС елдің электр энергия өндіру әлеуетін нығайта түседі. Бұл нысан толық халықаралық стандартқа сай салынады, тиісінше барлық қауіпсіздік талаптары сақталады, — деп мәлім етті Uzatom агенттігінің директоры Азим Ахмедхаджаев.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Іс-шара барысында сөз алған АЭС құрылысы дирекциясы басшысының орынбасары Отабек Аманов Фориш ауданында моноқала салынатынын мәлім етті.

— АЭС құрылысы жүріп жатқан алаңға жақын маңайдан атомшылар қалашығы бой көтереді. Онда көпқабатты үйлер, мектеп, балабақша, аурухана орналасады. Президентіміз бізге аталған моноқаланы заманауи технологияларды қолдана отырып салуды тапсырды. Тиісінше, шағын шаһардың тұрғындарына барлық жағдай жасалады, — деді Отабек Аманов.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Өзбекстанда бой көтеретін АЭС-тің жалпы қуаты — 2110МВт. Ол жылына 16-17 млрд кВт электр энергиясын өндіреді. Стратегиялық нысанның құрылысы барысында — 13 мың, ал ол толық іске қосылғанда 2 мың адам жұмыспен қамтылмақ.

Еске салайық, Өзбекстанда салынып жатқан АЭС Жизақ, Самарқанд және Науаи облыстарын электр энергиясымен қамтамасыз етуге қауқарлы болады.

Сондай-ақ, таяуда Өзбекстанда атом электр станциясы құрылысының бірінші кезеңі басталғанын жазып едік.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ресей Өзбекстанда тағы бір АЭС салады.

Қоса кетсек, жақында ҚР Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев еліміздегі тұңғыш АЭС-тің алғашқы бетоны шамамен 2029 жылы құйылуы мүмкін екенін айтты.