Өзбекстанда бүлдіршінге күш қолданған тәрбиешілер енді 1 жылға балабақша жұмысынан шеттетіледі

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанда балаларға қатысты күш қолданғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылған тәрбиешілер балабақша жұмысынан бір жылға шеттетіледі, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: Pexels

Көршілес ел Сенатының 17-ші пленарлық отырысында «Балаларды әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіруге бағытталған Өзбекстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қаралды.

Құжатқа сәйкес, Әкімшілік жауапкершілік туралы кодекске білім беру ұйымдарында кәмелетке толмағандарға күш қолданған және балалардың ар-намысн қорлағандарға қатысты жаза енгізіледі.

Тиісінше, бүлдіршіндерді ұрып-соққан және оларға моральдық қысым көрсеткен тәрбиешілердің бір жыл бойы балабақшаларда жұмыс істеуіне тыйым салынады.

Талқылау қорытындысы бойынша Сенат аталған заңды мақұлдады.

Еске салайық, Өзбекстанда әлеуметтік желідегі бейәдеп сөз үшін әкімшілік жаза енгізіледі.

Мұнымен бірге Өзбекстанда туыстар арасындағы неке үшін жаза қатаңдатылады.