Өзбекстанда есірткі тасымалдаған қазақстандық ұсталды

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстанның Науаи облысында есірткі тасымалымен айналысқан Қазақстан азаматы ұсталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Фото: Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі

Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің мәліметінше, Кенимех ауданында кеден органдарымен бірлескен арнайы операция барысында 24 жастағы ер адам қолға түсті. Cobalt маркалы көлігін тексеру кезінде одан екі түйіншек табылып, сараптама нәтижесінде оның жалпы салмағы 2,87 келі апиын екені анықталды.

Алдын ала мәлімет бойынша, есірткі шекара арқылы заңсыз өткізілгеннен кейін алдын ала дайындалған жасырын орынға қалдырылған. Кейін күдікті аталған затты сол жерден алып кеткен.

Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, ер адам қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Еске салайық, биыл 6 ай ішінде Өзбекстанда 2,7 тонна есірткі тәркіленді.
https://kaz.inform.kz/news/zharti-zhilda-ozbekstanda-27-tonna-esrtk-tarklend-06b64921/

Еске салсақ, таяуда Ауғанстаннан Өзбекстанға дронмен есірткі өткізбек болғандардың әрекеті әшкереленді.

Сонымен қатар биыл екі айда Өзбекстанда 8 есірткі зертханасы анықталды.