Өзбекстанда газ, көмір және мұнай өндірісі төмендеді

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстанда қаңтар-мамыр аралығында табиғи газ, мұнай және көмір өндірісі төмендеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: «O’ztransgaz» АҚ

Өзбекстан Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, жыл басынан бері Өзбекстанда 15,8 млрд текше метр газ өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14%-ға аз.

Сондай-ақ, қамтылып отырған аралықта республикада 1,6 млн тонна көмір өндірілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 32,5%-ға төмен. Әсіресе, қатты отынды қазып алу көрсеткіші мамыр айында бірден 300 мың тоннаға кеміді.

Мұнымен бірге бес айда мұнай өндірісі де 3,3%-ға қысқарды. Қаңтар-мамырда Өзбекстанда 261,9 мың тонна «қара алтын» өндірілді.

Еске салайық, былтыр Өзбекстан Ресей газының импортын 15%-ға арттырды.

Бұған дейін жазғанымыздай, Өзбекстанда үшінші жыл қатарынан газ өндірісі төмендеп барады.