ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Биыл 8 айда Өзбекстан шет мемлекеттерден жалпы құны 912 млн доллар болатын 48 055 жеңіл автокөлікті импорттады. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21% көп, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Елдің Статистика агенттігінен мәлім еткендей, Өзбекстанға ең көп көлік экспорттаған елдердің көшін Қытай бастап тұр. 8 айда ол елден 38 мыңнан астам темір тұлпар әкелінген.
Екінші орында 8 729 көлікпен Оңтүстік Корея болса, үштікті АҚШ түйіндейді (622 көлік).
Сондай-ақ, Жапония (139 көлік) мен Германиядан (104 көлік) жеткізілген темір тұлпарлар да аз емес.
Қоса кетсек, былтыр Өзбекстан шет елдерден 1,8 млрд долларға бағаланған 73,2 мың жеңіл автокөлікті импорттаған.
Бұған дейін Өзбекстанда электрондық дауыс беру жүйесі енгізілетінін жазған болатынбыз.
Әлихан Асқар
2018 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары облыстық Qostanai, республикалық Astana TV, «Жетінші арна» телеарналарындағы бағдарлама және жаңалықтар бөлімінде қызмет етті. «ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылдың мамырынан бастап еңбек етеді. 2023 жылдан бері Kazinform агенттігінің Өзбекстандағы меншікті тілшісі.