Парламент сайлауы: Өзбекстанда электрондық дауыс беру жүйесі енгізіледі
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — 27 қазанда Өзбекстанда өтетін парламент сайлауына қызу дайындық жүріп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Саяси дода қарсаңында Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысы өтті. Оның барысында ел тарихында тұңғыш рет сайлаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында жекелеген сайлау учаскелерінде электрондық дауыс беру процесін ұйымдастыру мәселесі қаралды.
Биыл парламент сайлауында сынақтан өткізу жоспарланған электрондық дауыс беру құрылғыларының 37-сі бұған дейін АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Италия, Бразилия, Сингапур және Австралия сияқты елдерде қолданылған. Оның көмегімен бүгінге дейін 6,5 миллиардтан астам сайлаушы дауыс беріп үлгерді.
Электрондық дауыс беру таңдау жасау процесін жеделдетуге, сайлау нәтижесін тез арада шығаруға және комиссиялардың жұмысын оңтайландыруға ықпал етпек.
Осыған байланысты ӨР Орталық сайлау комиссиясы сайлау күні Ташкент қаласының аумағында орналасқан кейбір учаскелерде электрондық дауыс беру процесін сынақтан өткізу туралы қаулы қабылдады.
Аталған құжат негізінде дауыс беруге арналған электрондық құрылғылардың көмегімен сайлау бюллетенін толтыру тәртібі де бекітілді.
Сонымен қатар, учаскелерде электрондық дауыс беру процесін бақылап отыру үшін онлайн-трансляция жүргізіледі.
Еске салайық, парламент сайлауы күні түрлі себептерге байланысты тұрғылықты жерінде бола алмайтын өзбекстандықтар үшін мерзімінен бұрын дауыс беру 16-23 қазан аралығында ұйымдастырылады.
Сондай-ақ, Өзбекстандағы биылғы парламент сайлауы аралас жүйе негізінде өтеді.