Өзбекстанда сұйытылған газ қымбаттады

Фото: Өзбекстанның Энергетика министрлігі

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстанда импорттың артуына байланысты сұйытылған газ бағасы өсті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, былтыр биржа арқылы 358 мың тонна сұйытылған газ сатылды. Оның 61 пайызы жергілікті өнім болса, қалғаны импорттың үлесінде. 

2025 жылы газдың бастапқы бағасы өзгерген жоқ. Атап айтқанда, жергілікті өнімнің құны тоннасына 7 млн сумнан аспады (294 мың теңге), ал импортталған тауардың бағасы 8 млн сум (337 мың теңге) шамасында болды.

Ведомствоның ақпаратына сай, жергілікті және импортталатын газ құнының арасындағы айырмашылық 40%-ға дейін жетті.

Енді шетелден сатып алынатын өнім көлемі мен бағасының артуына байланысты сұйытылған газдың бір тоннасы 9,5 млн сумды шамалайды. Тиісінше, желтоқсан айымен салыстырғанда аталған өнім 20%-ға қымбаттады.

Осыған байланысты Өзбекстанның Бәсекелестік жөніндегі комитеті өз өкілеттігі аясында бағаны тұрақтандыру бойынша жедел шара қабылдап, тұрақты мониторинг жүргізбек.

Еске салайық, 8 қаңтардан бастап Өзбекстанда газ құю станцияларының жұмысына шектеу енгізілді. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстанда газ өндірісі төмендеп барады. 2025 жылы 10 айда көршілес елде 35,5 млрд текше метр газ өндірілді, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3%-ға аз.