Өзбекстанда Ташкент халықаралық инвестициялық форумы өтеді

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — 16-18 маусым күндері Өзбекстан астанасында V Ташкент халықаралық инвестициялық форумы өтеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Фото: Форумды ұйымдастыру комитеті

Ауқымды іс-шараға 99 елден келетін 8 мыңнан астам делегат қатысады. Шақырылғандардың қатарында шет мемлекеттердің үкімет басшылары мен өкілдері, беделді халықаралық қаржы институттарының, ірі компаниялардың, инвестициялық қорлардың жетекшілері бар.

Ресми мәліметке сай, форумға қатысатын қазақстандық делегацияны Премьер-министр Олжас Бектенов бастап келеді. Іс-шара барысында Үкімет басшысы сөз сөйледі.

Форум аясында Өзбекстан президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің кезекті пленарлық отырысы өтеді. Онда көршілес елдегі инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту, өнеркәсіптік-технологиялық және инновациялық дамуды жеделдету мәселелері қаралады.

Өзбекстан басшысының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, биылғы форумда ірі инвестициялық келісімдер жасау жоспарланған. Қазіргі уақытта жаңа жобаларды әзірлеу жұмысы белсенді жүріп жатыр.

Еске салайық, өзбек тарапы биыл елдің экономикалық өсімі 8 пайыздан жоғары болатынын болжап отыр.

Қоса кетсек, биыл үш айда қазақстандық кәсіпкерлер Өзбекстанда 40-қа жуық компания құрған.