Өзбекстанда заңсыз арыстан асырағандар анықталды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан астанасында және Ташкент облысында 80-нен астам жабайы жануарды заңсыз ұстағандар анықталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Өзбекстанның Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрлігі және Бас прокуратураның қызметкерлері жүргізген тексеру кезінде тиісті рұқсатсыз жабайы жануар асырағандардың әрекеті әшкере болды.
Ресми мәліметке сәйкес, олар 4 арыстан, құстың 9 түрін және өзге де жыртқыштарды ұстаған. Жабайы жануарлардың бір бөлігі Ташкенттегі хайуанаттар бағына берілді.
Еске салайық, былтыр Өзбекстанда хайуанаттар бағындағы тордан шығып кеткен 3 арыстан күзетшіні талап өлтірген еді.
Қоса кетсек, биылдан бастап Өзбекстандағы цирктерде жабайы жануарларды пайдалануға тыйым салынды.