Өзбекстандықтар алаяқтар рәсімдеген несиелерді төлеуден босатылмақ

Фото: ҚР ҰҚК

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанда тұрғындардың атына алаяқтық жолмен рәсімделген несиелер есептен шығарылады. Бұл туралы президент Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Жиналыста мәлім болғандай, бүгінде ғаламторды Өзбекстанның 31 миллионнан астам тұрғыны пайдаланады. Тиісінше, кейінгі 5 жылда киберқылмыстардың саны 68 есе өскен. Биылдың өзінде 46 мыңнан астам факті анықталып, жеке және заңды тұлғаларға 1,2 трлн сумнан (шамамен 99,7 млн доллар) астам залал келді.

Дербес деректерді қорғаудың сенімді механизмінің болмауы, сондай-ақ компаниялардың клиенттер туралы мәліметтері ашық базада сақтауы мәселенің негізгі себебі болып отыр.

Аталған олқылықтарды ескере отырып, Шавкат Мирзиёев қиберқауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, ол тұрғындарды алаяқтық жолмен рәсімделген несиелерді төлеуден босатуды жүктеді.

Еске салайық, былтыр Өзбекстанның Орталық банкі алаяқтар ұрлаған 9,5 млрд сумды (шамамен $732 мың) бұғаттап тастаған.

Қоса кетейік, бұған дейін Қазақстанда алаяқтар Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі ретінде хабарласып бастағанын жазып едік.