Өзбекстанның жалпы ішкі өнім көлемі алғаш рет $100 млрд асты
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Кейінгі 5 жылда Өзбекстанның ЖІӨ екі есе өсіп, 100 млрд доллардан асты. Бұл туралы Олий Мажлистің Заң шығару палатасы депутаттарының алдында сөз сөйлеген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Өзбекстан басшысының айтуынша, экспорт көлемі тұңғыш рет 25 млрд доллардан асып, былтырғы рекордты жаңартты. 2023 жылы көршілес ел 24,4 млрд доллардың тауарын өзге нарықтарға шығарған еді.
Шавкат Мирзиёев өз баяндамасында таяуда жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемі 3 мың долларға теңелетінін атап өтті.
«Дүниежүзілік банктің биылғы болжамына сай, Өзбекстан Еуропа мен Орталық Азияның ең жылдам дамып келе жатқан экономикаларының үштігіне енеді. Өзбекстан экономикасының дамуына 5 жыл ішінде тартылған шетелдік инвестиция көлемінің 6 есеге артуы ықпал етті. Оның нәтижесінде 1,5 млн-ға жуық табысы жоғары жұмыс орындары құрылды», - деді Өзбекстан президенті.
Қоса кетейік, Заң шығару палатасы депутаттарының алдында сөйлеген сөзінде Шавкат Мирзиёев өзбек тарапы Қазақстан мен Тәжікстан шекарасынан ID-картамен өту тәртібін енгізуді жоспарлап отырғанын айтты.
Еске салсақ, кеше Өзбекстан үкіметі отставкаға кетті. Бүгін Шавкат Мирзиёев жаңа премьер-министрдің кандидатурасын депутаттарға ұсынып жатыр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстан 2030 жылға қарай жалпы ішкі өнім көлемін $200 млрд жеткізуді жоспарлап отыр.