Өзгенің мүлкін ұрлағандар қатаң жазаланады -Демеуов

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдан бастап ҚР ІІМ-мен бірнеше рет ұрлық жасауға қатысты қылмыстық жауапкершілікті қатайту жөнінде ұсыныс жасалды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, полиция генерал-лейтенанты Марат Демеуовтың Ақмола облыстық ІІД жеке құрамымен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Кездесуде облыс полицейлерінің 2016 жылдағы жұмыстарының қорытындысы шығарылды. Оған облыстық ІІД аппарат және аумақтық бөлімшелерінің басшылары қатысты. Облыстық ІІД Ержан Сәденов өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндап берді.

Оның айтуынша, жүргізілген алдын алу шараларының нәтижесінде облыс аумағында қылмыстың саны азайғаны байқалады. Мәселен, ауыр және өте ауыр қылмыстары 79,6 пайызға азайған. Оның ішінде ауыр қылмыс 77,7 пайыз болса, өте ауыр қылмыс 94,5 пайыз.

«2016 жылы ақмолалық полицейлер 127 қылмыскерді ұстады. Олардың арасында адам өлтіру, қарақшылық шабуыл, зорлау, ақша бопсалау және тонаушылық тәрізді қылмыстар бар. Ал, есірткі саудасына қатысты қылмыстарға келетін болсақ, былтырғы жылы 149 қылмыс тіркеліп, 685 келі әртүрлі есірткі заттары тәркіленді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 қылмысқа көп», деді ІІД басшысы өз сөзінде.

Кездесуде өзгенің мүлкін ұрлау, тоннаушылық тәрізді өзге қылмыс түрлеріне қатысты мәселелер де сөз болды.
Осыған орай, Марат Демеуов ағымдағы жылды өзгенің мүлкін ұрлаумен күрес жылы деп жариялауға бастамшылдық танытты. Бұл бағытта тұрғындармен, әсіресе, ауылдық жерлердегі халықпен мал ұрлығының алдын алу үшін профилактикалық жұмыстарды жүргізу және есепте тұрған тұлғаларды бақылауға алу керектігін айтылды.

«Міндетті түрде 2015-2017 жылдарға арналған өзгенің мүлкін ұрлауға қарсы іс-әрекет бойынша бағдарламаны тағы бір рет қайта қарап, одан әрі жүзеге асырылатын нақты шараларды белгілеу қажет », деді Марат Демеуов.

Сонымен қатар, кездесуде ІІД аппарат және аумақтық бөлімшелері басшыларының есебі тыңдалып, жергілікті полиция қызметінің жұмысы сөз болды. Жиынды қорытындылаған ҚР ІІМ бірінші орынбасары еліміздегі заңнамадағы соңғы өзгерістерді түсіндіріп, қоғамдық тәртіп сақтаудағы нақты міндеттерді белгіледі.

«Өткен жылы Елбасы мен ІІМ алға қойған міндеттерін орындауда ведомство тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылды. Биылғы жыл одан да нәтижелі болуы үшін барлық күш жігерімізді салуымыз қажет», - полиция генерал-лейтенанты Марат Демеуов.
Аслан Оспанов.