Өзгеріс ұстаздан басталады: мектепке жаңа леп әкелген мұғалімдер

АСТАНА. KAZINFORM - Елордада еліміздің әр өңірінде еңбек ететін ұстаздар жайлы Mugalim деректі фильмдер топтамасы таныстырылды.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Үш бөлімнен тұратын туындыға білім беруде тың бастамаларды қолға алған үш мұғалімнің ұстаздық жолы арқау болған. Кейіпкерлердің бірі ауыл мектебінде балаларды шахмат арқылы ойлауға баулыса, енді бірі пікірсайысты тіл үйретудің тиімді тәсіліне айналдырған. Ал үшінші ұстаз ауыл тұрғындарының қалаға көшуін азайтып, мектепті ауыл өмірінің өзегіне айналдыруға күш салып жүр.

Фото: Ағыьай Аяпбергенов/ Kazinform

Деректі топтама Bilim Group бастамасымен түсірілген. Компанияның бас директоры Александр Савченко жобада өңірлерде еңбек етіп жүрген мұғалімдердің тәжірибесіне назар аударылғанын айтады.

– Mugalim жобасы - мұғалімдерге алғысымызды жеткізудің және еліміздің білім саласы арқа сүйейтін тұлғаларды көпшілікке таныстырудың жақсы мүмкіндігі. Бұл мұғалімдер үлкен қалаларда тұрмаса да, үлкен марапат алмаса да, мектепке, оқушыға және мамандығына деген шынайы сүйіспеншілікке ие және балалардың өміріне күн сайын игі өзгеріс енгізуге ниетті жандар. Жоба арқылы біз өз ісі арқылы мектебін, жалпы білім беру жүйесін дамытуға күш салып жатқан мұғалімдерді көрсеткіміз келді. Біздің пайымымызша, егер адам өз ісіне шынайы берілсе, ол үлкен өзгерістердің бастамашысы бола алады, - деді ол.

«Шахмат арқылы бала ойнауды да, ойлауды да үйренеді...»

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Аталмыш деректі фильмнің кейіпкерлерінің бірі - Түркістан облысы Шұбарағаш ауылында бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек ететін Ақсәуле Жақыпбекова. Ол шахматты балалардың ойлау қабілетін дамытудың бір тәсілі ретінде қолданып жүр.

Өзінің айтуынша, мектеп бағдарламасына «Шахмат негіздері» пәні енгізілген, алайда алғашқы кезде сабаққа қажетті құрал-жабдық жетіспеген. Ақсәуле Жақыпбекова кабинетті өз қаражатына жабдықтап, кейін шахматты математикамен және бастауыш сыныптағы басқа пәндермен ұштастыратын өзіндік әдістеме әзірлеген. Уақыт өте бұл іске балалармен бірге ата-аналар да араласа бастаған.

– Оқу бағдарламасына «Шахмат негіздері» пәні енгізіліп, 1-сыныпқа оны оқытып-үйрету маған жүктелді. Бастапқыда қандай әдіспен үйретсем деп ойландым. Кейін бізге «Шахмат әліппесі» деген кітап берілді. Ішін ашып қарасам, «А», «Ә» деп әліпбиден басталған, әр әріптің жанында шахмат фигурасы тұр. Әріптерді өткен кезде сол фигураларға толығырақ тоқталып, қалай аталатынын, қалай жүретінін түсіндіремін. Сондай-ақ, бастауыш сыныптардағы басқа пәндерді де шахматпен байланыстырып үйретемін. Қазір оқушыларым 3-сыныпқа көшті, шахматты керемет ойнайды. Шахмат арқылы бала ойнауды да, ойлауды да үйренеді, - дейді Ақсәуле жымиып. 

Осы ізденістің нәтижесінде шахмат балалар үшін жай ойын емес, ойлау қабілетін дамытатын сабақтың бір бөлігіне айналған.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Ауыл мектебіне жаңа леп сыйлаған ұстаз

Қостанай облысының Гришенка ауылында төрт жүзге жуық адам тұрады, ал жергілікті мектепте 40-қа жуық бала білім алады. Mugalim жобасының тағы бір кейіпкері осы ауылда туып-өскен физика және математика пәндерінің мұғалімі - Степан Галкин. Ол тұрғындардың қалаға көшуін азайтып, ауылдағы тіршілікті жандандыруда мектептің орны ерекше деп санайды.

Оның айтуынша, ауылда балалардың қабілетін шыңдайтын үйірмелер көп емес. Сондықтан ол әріптестерімен бірге мектепте баскетбол секциясын ашып, жергілікті шаруалардың қолдауымен балаларды жарыстарға қатыстыруды қолға алған. Астрономияға қызығатын ұстаз оқушылар, ата-аналар мен ауыл тұрғындары үшін аспан әлемін бақылау кештерін де өткізіп жүр. Ал сабаққа қажетті құрал-жабдық жетіспегенде қолда бар заттармен тәжірибе жасап, физика мен математиканы балаларға қызықты етіп түсіндіруге тырысады.

– Балалардан өз балалық шағымды көремін десем де болады. Олардың қалай өмір сүріп, қандай жағдайда өсіп жатқанын жақсы білемін. Бір сәтте бұл жерде жай ғана жұмыс істеп қоймай, өзгеріс әкеліп, жаңа леп сыйлағым келді, - дейді Степан.

Оның айтуынша, ауыл мектебінің болашағы сол жерде тұрақтап еңбек ететін мұғалімдерге де байланысты.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

– Мектептің жұмыс істеуі үшін кадр қажет. Бір жыл істеп, артынан кетіп қалатын мұғалімдер емес, өз ісіне жаны ашитын, шынымен де өзгеріс жасағысы келетін мамандар керек. Сонда ғана біз өз күшімізбен мектебімізді дамыта аламыз, беделін көтере аламыз, - дейді ол.

Бұл мәселе Гришенка ауылымен ғана шектелмейді. Ұстаздың сөзінше, көршілес ауылдарда мектептер жабылып, кей балаларға күн сайын басқа елді мекенге 20–30 шақырым жол жүруге тура келеді. Мектеп жабылса, жас отбасылар да ауылдан көше бастайтынын айтады.

– Егер мектеп жабылса, ауылда да тұрмыс тоқтайды, жас отбасылар көшіп кетеді. Өзің өсіп-өнген, балалар шұбырып жүрген жердің қазір қаңырап жатқанын көру өте ауыр. Көшелер бос, бала аз. Бірақ мен осы жердегі балаларға үлгі болғым келеді. Осы жерде өсіп, одан әрі оқуға түсіп, жоғары білім алып, кейін ауылға қайта оралып еңбек етуге және лайықты өмір сүруге болатынын көрсеткім келеді, - дейді Степан.

«Тіл үйренудің тың тәсілі – пікірсайыс»

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Mugalim жобасының үшінші кейіпкері - Ұлытау облысы Сәтбаев қаласындағы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Дана Абельдинова. Ол оқушылардың тіл білгенімен, ойын еркін жеткізуге келгенде қиналатынын байқаған. Осыдан 13 жыл бұрын мектепте еңбек жолын бастаған ұстаз кейін «Көзқарас» атты дебат клубын құрады.

Бүгінде клубқа 50-ге жуық оқушы қатысады. Олар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде пікірсайысқа дайындалып, облыстық және республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр. Бірақ Дана Абельдинова үшін басты өлшем – жүлде емес, балалардың тұлға ретінде дамып қалыптасуы. 

– Мұғалімдіктің маған ең ұнайтын тұсы – еңбегіңнің жемісін көру. Бір оқушының өзгерісін бірден байқасаң, енді бірінің нәтижесін бірнеше жылдан кейін көруің мүмкін. Баланың қалай дамып келе жатқанын бақылап, оның болашағына аз да болса ықпал ету – үлкен жауапкершілік. Сондықтан әр баланың жақсы азамат болып қалыптасуына барынша үлес қосқымыз келеді, – дейді Дана.

Оның шәкірттері пікірсайыспен ғана шектелмейді. Олар подкаст түсіріп, шетелден келген қонақтарды шақырып, ағылшын тілінде сұхбаттасады. Ал Дана қазір Сәтбаевтағы әріптестеріне арналған Speaking Club ашуға кіріскен. Онда мұғалімдер ағылшын тілін жетілдіріп, кітап талқылап, пікірсайыс өткізіп, бір-бірімен тәжірибе бөлісе алады.

Дана Абельдинова мұғалімнің өзі ізденуді тоқтатпауы керек деп санайды.

– Бүгінде балалардың терең әрі жан-жақты ойлау қабілетін дамыту мен үшін өте маңызды болып көрінеді. Ой-өрісі кең, ойлау деңгейі жоғары, тығырықтан шығу жолын таба білетін және өз позициясын дәлелдей алатын ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Өйткені ертең дәл осы балалар еліміздің болашағынжасайды. Біз білім беру процесінде тек мұғалім оқушыға білім береді деген түсінікпен шектелмеуіміз керек. Мұғалімнің де өз оқушыларынан және басқа адамдардан үйренері бар. Сондықтан біз өзіміз де үнемі дамып отыруымыз қажет», - деп түйіндеді Дана Абельдинова.

Үш ұстаздың тәжірибесі әртүрлі болғанымен, оларды біріктіретін бір нәрсе бар – үнемі ізденіп, балаларға жаңа мүмкіндік жасауға ұмтылу. Олардың тәжірибесі бір мұғалімнің бастамасы бір сыныппен шектелмей, мектепке, тіпті тұтас ауылдың өміріне өзгеріс әкеле алатынына дәлел бола алады.