Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Білім және ғылым министрлігінің Білім беру мен ғылым саласын қадағалау комитетінің төрағасы Саят Нүсіпов осындай пікір білдірді.
Брифинг барысында журналистер тарапынан суицидтің ҰБТ науқанымен байланыстыратын мысалдар туралы сөз болып, биыл да бірқатар өңірлерде оқушылардың өз-өзіне қол салғаны айтылған еді.
«Жастарымыз болсын, кім болсын мезгілсіз қайтыс болып, аяқ астынан ажал құшып жатса, бұл қатардағы бізден бастап Үкіметімізге дейін ауыр тиеді. «Тас түскен жеріне ауыр» дейді. Бұндай оқушылардың өзіне өзі қол салуы ҰБТ кезеңімен тұспа тұс келіп жатса, оған ҰБТ-ны кінәлап жатса, әрине бізге де жеңіл емес. Алайда, айта кетейік, Қазақстанда суицид азайып келеді, 2013 жылы - 290, былтырғы 2014 жылы - 190 адам өзіне қол салды. Биыл одан да азайды. Сонымен қатар, биыл жастар арасында орын алған өзіне өзі қол салу оқиғасының ешқайсысы да ҰБТ-мен байланысты емес», - деп мәлімдеді комитет төрағасы Саят Нүсіпов.
Сонымен қатар, комитет басшысы Оңтүстік Қазақстан облысындағы оқушы қыздың суициді туралы айта келе, оның ҰБТ сынағын өте жақсы тапсырғанын, бейнежазу таспаларында оқушының тестілеуден көңілді шыққаны жазылғанын алға тартты.
«Ол қызды «грантқа өте алмай қол жұмсады» деп айтуға болмайды. Өйткені, грант әлі де өткен жоқ. Ол қыздың қалдырған хатын біз білмейміз. Сондықтан да, бұл өлімді ҰБТ-мен байланыстырған дұрыс емес, ол дәлелденген де жоқ. Арнайы органдар тексеру жүргізіп жатыр, ата-аналары да сараптамадан өткізуден бас тартты. Бұл - аса күрделі мәселе. Сол үшін ақпарат құралдарынан осындай мәселеге абай болуды сұрар едім. «Осылай болды» деп жаман нәрсені айта берудің өзі жағымсыз, ондай ақпарат жастар арасында вирус секілді тарайды. Сенсация қуалап, рейтинг үшін сондай жағымсыз жаңалықтарға құштар болмасаңыздар дер едім», - деді Саят Нүсіпов.