Ozon, Wildberries сияқты маркетплейстермен сауда жасайтындар нені білу керек
АСТАНА. KAZINFORM – Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Ozon, Wildberries сияқты маркетплейстер тілдік кедергі тұрғысынан қазақстандықтардың қолдауына қолайлы болғанымен алданып қалу қатері бар екенін ескертіп отыр.
- Қазір Ozon,Wildberries сынды ірі маркетплейстер электронды саудада тауарларды ірі брендтер мен шағын кәсіпкерлерге сатуға ыңғайлы платформа ұсынып отыр. Алайда осы маркетплейстердің артықшылықтарымен қатар, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қатысты көптеген сұрақ туындайды. Маркетплейстерде сатушылардың тарапынан тұтынушылардың құқықтарын бұзу фактілері жиі кездеседі. Маңғыстау облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне Ozon және Wildberries маркетплейстерінің үстінен 2024 жылы 323, ал 2025 жылдың басында 19 өтініш келіп түсті, - деп жазылған мәліметте.
Комитеттің дерегі бойынша түскен шағымдардың жалпы сипаты төмендегідей:
• Сапасыз немесе түпнұсқа емес тауарларды сату;
• Тауарды қайтарған жағдайға тұтынушыға ақшаны қайтарып беруден бас тарту:
• Шағымдарды қарастыру мерзімдерінің ұзақтығы;
• Кепілдік міндеттемелердің тиісті деңгейде орындалмауы.
Ресми мәліметке сенсек, аталған облыста құзырлы органға түскен шағымдардың бәрі қанағаттандырылған көрінеді.
Комитет мамандары маркетплейс арқылы сауда жасаған қазақстандықтар тауар сапасымен байланысты наразылықтары болса, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 7-бабы мен 24-бабына сүйене алатынын айтады.
Маркетплейстер арқылы тауар сатып алар кезде қандай тәсілдерді басшылыққа алу керек? Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті мынандай кеңес береді:
1. Сатушымен жазысқан хат, хабарламаның бәрін сақтап, тауардың фото/бейнематериалдарын түсіру керек;
2. Ozon/Wildberries қолдау қызметіне жүгініңіз – егер сатушы байланысқа шықпаса, қолдау қызметіне жазыңыз.
3. Мемлекеттік органдарға ресми шағым жіберіңіз – егер маркетплейс талаптарыңызды қанағаттандырудан бас тартса, ресми шағым жасаңыз.
4. Егерде сіздің құқықтарыңыз қорғалмаса жергілікті орындағы сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау бөлімшелеріне жүгініңіз.
Бұған дейін келешекте электрондық сауда саласында жауапкершілік онлайн сатушыларға ғана емес, маркетплейс әкімшілігіне де жүктелетінін жазған едік.