Пәкістан ауған босқындары үшін «Торкхам» бақылау бекетін ашты
АСТАНА. KAZNFORM – Пәкістан ауғандық босқындардың еліне оралуына мүмкіндік жасау үшін елдің солүстік-батысындағы Хайбер-Пахтунхва провинциясындағы «Торкхам» бақылау бекетін ашты. Бұл туралы елдің ресми тұлғалары сенбі күні мәлім етті, деп хабарлайды Синьхуа.
Округ комиссарының орынбасары Хайбер Билал Рао БАҚ өкілдеріне бақылау бекетінің жұмысын сенбі күні таң ата қайта жандандырғанын атап өтті. Бұл Пәкістан жағында апталап күтіп жүрген ауған азаматтарының еліне оралуына мүмкіндік жасау үшін жасалып отырған шара.
Оның сөзінше, жүздеген ауған азаматтары оларға шекарадан өтуге рұқсат берілерден бұрын құжаттарды рәсімдеу үшін имиграциялық орталыққа жиналған.
Репатриация процесі 11 қазан, яғни Пәкістан мен Ауғанстан арасында қақтығыс болып, Исламабад сауда және жолаушыларға арналған барлық өткелдерді жауып тастаған күні тоқтатылды.
19 қазан күні Дохада атысты тоқтату туралы ресми келісім жасалды.
Алайда Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Тахир Хуссейн Андраби жұма күні өткен брифингте коммерциялық қызметті жаңғырту жұмыстары қауіпсіздікке байланысты екенін айтып, сауда үшін шекара әзірге жабық болатынын мәлімдеген.
Шекараның жабылуы салдарынан бірнеше апта бойы сауда жүргізілген жоқ. Соның салдарынан Пәкістанның кейбір аудандарында бірінші кезекте қажет кейбір тауар түрлерінің бағасы өсіп кетті.