Пәкістан мен Ауғанстан шекарасында тағы да атыс болды

АСТАНА. KAZINFORM — Пәкістан мен Ауғанстан шекарасында тағы да қарулы қақтығыстар болып, екі жақтан да адам қаза тапты, жараланғандар да бар. Бұл туралы Kazinform агенттігі ТАСС-қа сілтеме жасап хабарлады.

Фото: Shutterstock/FOTODOM/ Esfera

Xinhua агенттігінің мәліметінше, 28 қазанда Пәкістан аумағынан атылған снарядтар Ауғанстанның шығысындағы Нангархар провинциясына түскен. Салдарынан екі адам қаза тауып, тағы екеуі жараланды.

Оқиға «Торхам» шекаралық өткізу бекеті маңында болған.

Ауғанстан Қорғаныс министрлігі де Пәкістанның төрт ұшқышсыз ұшу аппараты Пактика провинциясындағы әскери нысандарға соққы жасағанын хабарлады. Бұған жауап ретінде ауған әскери қызметшілері Пәкістан аумағына оқ атқан.

Ал Пәкістан шекара қызметінің мәліметінше, елдің солтүстік-батысындағы Төменгі Оңтүстік Вазиристан ауданында Ауғанстан тарапынан жасалған миномет шабуылы салдарынан бір адам қаза тауып, тағы бес адам жараланған.

Жаңа қақтығыстар көршілес екі ел арасындағы шиеленіс сақталып отырған тұста болды.

17 қазанда да Ауғанстан мен Пәкістан шекарасында қарулы қақтығыс болған. Исламабадтың мәлімдеуінше, Пәкістан әскері ауған күштерінің шабуылына жауап ретінде ауыр қару қолданған.

18 қазанда Дохада өткен келіссөздер барысында Ауғанстан мен Пәкістан өкілдері шекарада атысты дереу тоқтатуға келіскен еді. Келіссөздер Қатар мен Түркияның арағайындығымен өтті. Тараптар екі ел арасындағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту тетіктерін құру жөнінде де уағдаласты.

Айта кетейік, қыркүйек айының соңында Ауғанстан Пәкістаннан келген 28 содырдың көзін құртқанын мәлімдеген еді.