Пәкістанда оқу орталығының шатыры опырылып, 14 бала қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM – Пәкістанның Лахор қаласында оқу орталығының шатыры опырылып, кемінде 14 бала қаза тауып, бірнешеуі жарақат алды, деп хабарлайды Синьхуа .

Фото: Видеодан алынған скрин/Geo News

Rescue 1122 құтқару қызметінің ресми өкілі Фарук Ахмедтің айтуынша, оқиға елдің шығысындағы Пенджаб провинциясына қарасты Лахор қаласының маңындағы Кахна ауданында болған. Оқиға кезінде ондаған бала сабақта отырған. Осы сәтте сыныптың шатыры кенеттен опырылып, оқушылар үйінді астында қалған.

Фарук Ахмедтің мәліметінше, апат салдарынан 14 бала қаза тауып, тағы он шақты зардап шеккеннің жағдайы ауыр. Осыған байланысты құрбандар саны артуы мүмкін.

Қазіргі уақытта құтқарушылар үйінді астында қалған адамдарды іздеу және құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Айта кетейік, Филиппиндегі мектепте атыс болып, үш оқушы қаза тапты.

Сондай-ақ былтыр Пәкістанда желім зауытындағы жарылыстан 16 адам мерт болған еді.