Пәкістанда полиция бөлімшесі маңындағы жарылыстан 14 адам көз жұмды

АСТАНА. KAZINFORM — Пәкістанның солтүстік-батысындағы Хайбер-Пахтунхва провинциясының Сват округінде полиция бөлімшесі маңында болған жарылыстан 14 адам қаза тапты. Тағы 24 тұрғын жарақат алды, деп хабарлайды Anadolu агенттігі.

Фото: Анадолы

Жергілікті биліктің мәліметінше, жанкешті полиция бөлімшесінің аумағына кірмек болған. Полиция қызметкерлері оны тоқтатқан соң ол өзіне тағылған жарылғыш құрылғыны іске қосқан.

Қаза тапқандардың арасында полиция қызметкерлері де, бейбіт тұрғындар да бар.

Жарылыс кезінде полиция бөлімшесінің маңында бейбіт наразылық акциясы өтіп жатқан. Акцияға қатысушылардың біразы зардап шекті.

Әзірге шабуыл үшін жауапкершілікті ешбір топ өз мойнына алған жоқ. Оқиғаға байланысты тергеу басталды.

Айта кетейік, Пәкістанда биыл содырларға қарсы 40 мыңнан астам арнайы операция жүргізіліп, 2 084 содырдың көзі жойылды.