Пәкістанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алу рәсімі өтті
13:23, 04 Ақпан 2026
ИСЛАМАБАД. KAZINFORM – Пәкістан Премьер-министрінің резиденциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алу рәсімі өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысын Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф күтіп алды.
Қазақстан Президенті мен Пәкістан Премьер-министрі суретке түскен соң екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалды.
Содан кейін Құрмет қарауылының бастығы рапорт берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шариф бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.
Қарсы алу рәсімінен кейін Қазақстан Президенті Пәкістан Премьер-министрінің резиденциясы аумағында ағаш отырғызды.
Айта кетелік Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанға мемлекеттік сапармен барған еді.