Пәкістанда су тасқынынан тағы 30-дан астам адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM – Пәкістанда соңғы аптада болған су тасқыны салдарынан 33 адам қаза тауып, 8 адам жарақат алды. Бұл туралы Dawn газеті Пенджаб провинциясының төтенше жағдайлар басқармасына (PDMA) сілтеме жасап хабарлады.

Фото: Str/Xinhua

Мәліметке сәйкес, 23-31 тамыз аралығында табиғи апаттан шамамен 2 миллион адам зардап шеккен. Құтқарушылар 760 мың адамды және 516 мыңнан астам малды қауіпсіз аймаққа эвакуациялады. Зардап шеккендер үшін 506 гуманитарлық лагерь ұйымдастырылды.

Ұлттық төтенше жағдайлар басқармасы (NDMA) бұған дейін 23 адамның қаза болғанын хабарлаған еді.

Сондай-ақ ведомство 1-3 қыркүйек аралығында Исламабад пен Пенджабтың бірнеше ауданында нөсер жауын күтілетінін, бұл жағдай жаңа су тасқынына әкелуі мүмкін екенін ескертті.

Пенджабтың аға министрі Мариам Аурангзеб оқиғаны «Пенджаб тарихындағы ең ірі су тасқыны» деп атап, су деңгейінің рекордтық көрсеткішке жеткенін айтты.

Айта кетсек, 26 маусымнан бері Пәкістанда болған су тасқындарынан 800-ден астам адам көз жұмды.

Ал Үндістанның Химачал-Прадеш штатында маусым айынан бері шамамен 300 адамның қазасы тіркелген.

Бұған дейін Пәкістандағы су тасқыны салдарынан 100-ден астам адам із-түзсіз кеткенін де жазғанбыз.