Пәкістанда сүниттер мен шейіттер қақтығысып, 33 адам мерт болды

Фото: Фото: x.com/ RealBababanaras

АСТАНА. KAZINFORM – Пәкістанда сүниттер мен шейіттер арасында қақтығыс басталды. Бұл жайында Times of India жазды.

Басылымның мәліметінше, Хайбер-Пахтунхва өлкесіне қарасты Куррам ауданында орын алған қақтығыс салдарынан 33 адам мерт болып, ондаған адам жараланған. Сүнит пен шиіт топтарының қарулы содырлары бір-бірімен атысып, үйлерді, дүкендер мен дүңгіршектерді өртеп жатыр.

Осыдан бірнеше күн бұрын шиіт мұсылмандары мінген көлік колонасына белгісіз біреулер оқ жаудырып, 42 адамды жер жастандырған болатын. Ал дінаралық қанды қақтығыстың орын алуына сүнит пен шиіт жамағаты арасында шілдеде басталған жер дауы түрткі болып отыр.

Еске салсақ, 9 қарашада Пәкістанның Белуджистан провинциясында орналасқан Кветта қаласындағы теміржол вокзалының жанында жарылыс болды.  Салдарынан 25 адам қайтыс болды, тағы 62 адам зардап шекті.