Пәкістандық әскерилер Белуджистан провинциясында лаңкестерге қарсы операцияның аяқталғанын мәлімдеді.
Geo News хабарлауынша, Пәкістан армиясының қоғаммен байланыс бөлімі (ISPR) жолаушылар пойызына жасалған шабуылға қатысты мәлімдеме жасаған.
– Лаңкестерді залалсыздандыру және жолаушыларды босату операциясы аяқталды, – делінген мәлімдемеде.
Армия пойызға шабуыл жасағандардың барлығы залалсыздандырылғанын хабарлады.
Белуджистандағы пойызға шабуыл
12 наурызда Пәкістанның оңтүстік-батысындағы Белуджистан провинциясында шамамен 450 адам мінген пойызға қарулы шабуыл ұйымдастырылды. Пойыз Кветтадан Пешаварға бет алған.
Шабуылды Белуджистан азат ету армиясы ұйымдастырған. Шенеуніктердің айтуынша, содырлар көптеген жолаушыларды кепілге алған.
– Пойыз тоқтаған аймақ таулы болғандықтан, күдіктілерге шабуылды жоспарлау оңайға соқты, – дейді шенеуніктер.
Қауіпсіздік қызметкерлері лаңкестер әйелдер мен балаларды тірі қалқан ретінде пайдаланғанын растады.
Пәкістан армиясындағы ақпарат көздері оқиғаны «теракт» деп атады.
Дереккөздер жан-жақты операция жүргізіліп, 30 террористтің залалсыздандырылғанын хабарлады.
Айта кетейік, бұған дейін Пәкістанда содырлар басып алған пойыздың 150-ден астам жолаушысы құтқарылғанын жазған едік.