Орталық Азия елдерінің ұлттық тағамдарын таныстыратын галерея «Жапон көктемі» халықаралық өнер фестивалі аясында ұйымдастырылып отыр. Іс-шараның мақсаты — аймақтың мәдениеті мен әдет-ғұрпын жапон мангасы жанрында паш ету.
Ең алдымен, «манга» деген ұғымға түсініктеме берсек, ол — иллюстрация мен сюжеттік баяндаудан тұратын бағыт. Жапонияда манга жеке өнер түрі ретінде саналады және тарих, философия, аспаздық, күнделікті өмірдегі жайттар секілді сан алуан тақырыптарды қамтиды.
Көрме кейіпкерлері — қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік және түрікмен арулары. Жапон құрбысына әрқайсысы өз халқының ұлттық тағамдары жөнінде мағлұмат береді. Палау, лағман, бауырсақ тәрізді тағамдардың қалай пісірілетінін көрсету арқылы автор Орталық Азия елдерінің мәдениетін, дәстүрін, қонақжайлық қасиетін де таныстырады.
Бұл жобаның өзіндік ерекшелігі де бар. Себебі, манганы көркем өнер үлгісі ретінде ғана емес, рецептілер кітапшасы деп те қабылдауға болады. Иллюстрацияларда тағамдарды әзірлеу сатылары, қандай дәмдеуіштер қосылатыны, әр ел асханасының өзгешеліктері егжей-тегжейлі бейнеленген.
— Аймақтағы халықтардың кей дәстүрлері ортақ. Бұл — ұлттық тағамдарға да қатысты мәселе. Мысалы, «мәнті немесе палау кімнің ұлттық асы?» — деп сұрақ қойсаңыз, пікірталас туындап, әр ел өзіне тартар еді. Бәріміз көршілес мемлекет болғандықтан, мәдениеттеріміз де ғасырлар бойы қатар қалыптасты, — дейді «Жапон көктемі» фестивалінің көркемдік жетекшісі Тимур Орманшыев.
Оның пікірінше, танымал жапон суретшісінің Орталық Азия аспаздығы тақырыбына бет бұруы — өңірге қызығушылықтың зор екенін білдіреді.
— Каору Мори дәл осы Орталық Азия ұлттық тағамдарын бейнелеуді таңдағаны мені таңғалдырды. Демек, біздің мәдениетімізді тануға және танытуға деген ынтасы айрықша. Суретші манга арқылы елдеріміздің арасындағы байланысты нығайтып жатыр. Фестивальдің негізгі мақсаты да — осы, яғни мемлекеттер арасында мәдени көпір салу, — дейді Тимур Орманшыев.
Сонымен бірге, сүйікті асы қазақтың еті (бешбармақ) екенін атап өтті.
— Бұл — мангаға енбегенмен, керемет тағам. Құнарлы әрі тойымды. Үлкен істер тындыруға қуат пен шабыт береді, — дейді маман.
Оның сөзінше, ұлттық тағамдар халықтардың өзара түсінісуіне септігін тигізеді.
— Ас адамдарды біріктіреді. Бірге тамақ пісіріп, бірге дастархан жайса, олардың қарым-қатынасы күшейіп, туыс секілді болып кетеді. Әсіресе, қазақтар үшін бұл — ерекше жоралғы, — дейді фестивальдің көркемдік жетекшісі.
Айта кететін жайт — көрме Жапония Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен, «Жапония Орталық Азия диалогы» бастамасының мерейтойына орай ұйымдастырылды. Іс-шара Жапония мен аймақ мемлекеттері арасындағы мәдени және гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтады.
Жапон тіліндегі ғажайып жұмыстар қонақтардың назарына қазақ, орыс және ағылшын тілдеріне аудармасымен бірге ұсынылады. Демек, елдер арасындағы диалогты өнер, дәстүр және ұлттық тағамдар арқылы дамытады.
Каору Мори — манга жанрындағы ең танымал заманауи жапон суретшілерінің бірі екенін айрықша атап өткен жөн.
Ол «Эмма» деген мангасының арқасында халықаралық деңгейде танылды. Бұл туынды желісімен аниме де жасалған.
Өнерпаздың комикстер көрмесі елордадағы ҚР Ұлттық музейінде 24 мамырға дейін жалғасады, яғни қала тұрғындары мен қонақтарының мәдени іс-шараға куә болып, тамашалауға мүмкіндігі бар.
Еске салайық, бұған дейін Жапонияда әлемдегі алғашқы Pokémon әуежайы ашылатынын жазғанбыз.
Сонымен бірге, Жапонияда толығымен роботтар басқаратын медициналық зертхана іске қосылды.