Жапонияда толығымен роботтар басқаратын медициналық зертхана іске қосылды

АСТАНА. KAZINFORM – Жапонияда зерттеу процестерінің барлығын роботтар атқаратын әлемдегі алғашқы медициналық зертхана ашылды, деп хабарлайды БЕЛТА агенттігі.

Жапонияда толығымен роботтар басқаратын медициналық зертхана іске қосылды
Фото: Видеодан алынған кадр

Жапонияда ғылыми және медициналық тәжірибелерді толығымен роботтар жүргізетін бірегей зертхана жұмысын бастады. Нысан Токио ғылым институты базасында құрылған және әлемдегі алғашқы осындай орталық саналады.

Зертхананың «қызметкерлері» қатарында 10 робот бар. Олардың арасында адам бейнесіндегі Maholo лабдроиды да бар. Ол екі қолмен жабдықталған және реагенттерді дәл мөлшерлеу, температуралық бақылауды қажет ететін құрылғылармен жұмыс істеу секілді күрделі зертханалық операцияларды орындай алады.

Роботтар жасушаларды өсіру жұмыстарын да атқарады. Бұл қолмен араласу қажеттілігін едәуір азайтады. Болашақта жобаны кеңейту жоспарланып отыр – 2040 жылға қарай роботтар саны 2 мыңға дейін артуы мүмкін.

Жобаны әзірлеушілердің айтуынша, роботтандырылған жүйелерді енгізу зерттеу нәтижелеріне адам факторының әсерін азайтып, зертханалардағы маман тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Еске салсақ, робототехникадан өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 12 марапатқа ие болды.