Жарылыс кезінде қаза болған Наталья Никитинаның әпкесі Елена Шабановичтің айтуынша, марқұм кафе тазалаушысы болып жұмыс істеген. Биыл ол 48 жасқа толар еді. Наталья жарылыс салдарынан оқиға орнында қаза тапқан.
— Мен оны ауруханадан емес, мәйітханадан таптым. Бүгін соттың соңғы отырысы өтіп, үкім шықты. Сотталушылар арасында кінәсіз адам жоқ. Олардың әрқайсысының өз кінәсі бар. Бұл қайғылы жағдайға әкелген оқиғалар тізбегі сияқты. Олардың заң бұзушылықтары 12 адамның өліміне себеп болды, тағы 11 адам аман қалғанымен, қазір емделіп жатыр. Оларға денсаулық, күш пен сабыр тілеймін. Мен сот шешімімен келісемін, әрқайсысының кінәсі бар, олардың әрқайсысы өз міндеттерін бұзғаны тергеу барысында дәлелденді, — деді Елена Шабанович.
Алайда жәбірленушілердің барлығы бұл пікірмен келісе бермейді. Кейбірі жекелеген сотталушыларға тағайындалған жаза тым қатаң деп санайды.
«Палау орталығында» әкімші болып жұмыс істеген Динара Цурова жарылыстан қаза тапқан. Оның жұбайы Мұса Цуров іс бойынша негізгі сотталушыға тағайындалған жеті жылдық жазаны тым ауыр деп есептейді.
— Алғашқы күннен бастап ешкімді назардан тыс қалдырмаған адам неге жеті жыл алды? Домбровский (Виктор Домбровский — газ жеткізуші — ред.) газ баллонын Щучинскідегі кез келген нысанға кіргізе алатын. Балабақшаға да, мына қалалық сотқа да, прокуратураға да апара алатын. Ал қазір сот облыс әкіміне газ саласындағы тәртіпті реттеу туралы жеке қаулы жолдады. Ол үшін менің әйелімнің қаза табуы керек болды ма? — деп ашынды Мұса Цуров.
Сотталғандардың бірі Хасан Мусхажиевтің анасы Нуридат Мусхажиева да ұлына тағайындалған жазаны тым қатаң деп санайды.
— Ол қауіпсіздік талаптарын сақтамады дейді. Онда бұл кафе неге бұған дейін жабылмады? Ол онда ештеңемен айналысқан жоқ, тек қаржыландырды. Меніңше, ұлыма жеті жыл тым көп. Оның үлкен баласы тоғыз жаста, кішісі небәрі 11 айлық, — деді ол.
Әйел ұлының өз кінәсін мойындағанына да таңғалғанын айтты.
Жарылыстан зардап шеккен Юлия Киселеваның әкесі Алексей Киселев болған жағдайға газ жеткізу және сату ісімен айналысқан адамдардың жауапкершілігі көбірек деп есептейді.
— Баллонды Домбровский әкелді, оны шамадан тыс толтырды. Ол жерде таразы жоқ екенін анық көрді, мұның алдын алуға болатын еді. Сегізбаев та баллондағы газды сатуға рұқсаты болмаса да, таразысы жоқ екеніне қарамастан сатқан. Негізгі кінә соларда деп ойлаймын. Ал жарылыс болған сәтте Хасанның кінәсі жоқ. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін жеті жыл — тым көп, — деді Алексей Киселев.
Еске сала кетейік, бүгін «Палау орталығы» кафесіндегі жарылысқа қатысты іс бойынша сот үкімі жарияланды.
Сот сонымен қатар қоғамдық тамақтану нысандарындағы өрт және басқа да қауіпсіздік талаптарын қамтамасыз ету саласында профилактикалық жұмысты ұйымдастыру мен ведомствоаралық өзара іс-қимылда кемшіліктер анықталғанына байланысты Ақмола облысының әкіміне қатысты жеке қаулы шығарды.