Панамада жер сілкінісінен зардап шеккендер саны 6 мыңға жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Панамада жер сілкінісінен зардап шеккендер саны 6 мыңға жетті, президент Хосе Рауль Мулиноның айтуынша, қайтыс болғандар жоқ, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.

Фото: Видеодан скрин

— Қазіргі уақытта 1744 үй тексерілді, ал 6174 адам зардап шеккен. Әлі тексеру жүріп жатыр, сондықтан бұл көрсеткіш жаңартылып отырады, — деп мәлімдеді мемлекет басшысы.

Мулино жер сілкінісінің жойқын болғанын және сарапшылар зардап көлемін бағалап жатқанын атап өтті. Үкімет азық-түлік пен ауыз су жеткізуді, жолдар мен көпірлерді қалпына келтіруді және электр қуатымен қамтамасыз етуді қолға алған.

— Мен ең мұқтаж жандарға көмектің жетуін қамтамасыз ету үшін қажетті ресурстарды аямаймын, — деді президент.

Ол билік органдары тұрғын үйді жөндеуге материалдар жіберетінін және Ұлттық полиция мамандарының жобалары бойынша екі және үш бөлмелі жаңа үйлер салу үшін жергілікті мердігерлерді тартатынын мәлімдеді.

Мулино, сонымен қатар қоғамды тек ресми хабарламаларға сенуге және жалған қауесеттер таратпауға шақырды. 

— Мұндай жантүршігерлік жағдайлар болған жоқ, жалған хабарламалар тек қажетсіз алаңдаушылық тудырады, — деді Мулино әлеуметтік желілерде цунами және Панама каналы арқылы өтетін Америка көпірінің жабылуы туралы таралған жалған ақпаратқа түсініктеме бере отырып.

Еске сала кетейік, бұған дейін Панамада 6,1 балдық жер сілкінісі болғанын хабарлаған едік.