ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жедел-іздестіру шаралары барысында 14 наурыз күні ІІД өзіндік қауіпсіздік басқармасы мен қаржы полициясы қызметкерлері әкімшілік полициясы басқармасы әкімшілік практика бөлімінің инспекторы, полиция лейтенанты Е.Мұхитовты ұстады.
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, полиция қызметкері ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 463-2 бабы 1-бөліміне сәйкес әкімшілік құқықбұзушылық жасаған Орал қаласының тұрғынынан жүргізушілік куәлігін қайтарып беру үшін 40 мың теңге талап еткен. Қарау барысында қылмыстық айғақ - 40 мың теңге табылмаған. Алайда полиция қызметкерінің ақша бопсалағанын дәлелдейтін деректер бар. Осыған байланысты ол өз кінәсін мойындаған.
Ұсталған полиция қызметкеріне ешқайда кетпеу туралы шара қолданылып, материалдары ҚР Қылмыстық істі жүргізу кодексінің 192-бабына сәйкес БҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне берілді. Оған қоса қызметтік тексеру де жүргізілуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).