Парадзюдодан Гран-при: Қазақстан қоржынына тағы 6 медаль түсті

Жапония астанасы Токиода парадзюдодан Гран-при турнирінде Қазақстан қоржынына тағы алты медаль түсті, деп хабарлайды Kazinform .

Фото: Pexels

Жарыстың екінші күні қазақстандықтар 2 күміс, 4 қола жүлде жеңіп алды.

Зарина Раифова J2 санаты бойынша 70 келіден астам салмақ дәрежесінде финалда Бразилия парадзюдошысы Рэбека Сильваға үш шидомен есе жіберді.

Сондай-ақ Жұрхамырза Шүкірбеков J2 санатында 90 кг салмақ дәрежесінде соңғы бәсекеде грузиялық Резав Чикоидзеден айласын асыра алмады.

Төрт парадзюдошымызға қола жүлде бұйырды.

Динара Куджулова J1 санатында 70 келіге дейінгі салмақта қола жүлде үшін бәсекеде мысырлық Маха Алиды иппонмен ұтты.

Ерлан Өтепов J1 санатында 90 кг салмақта Ирак өкілі Аль-Султаниді голден скорда вазари ұпайымен жеңді.

Айдана Ғазизқызы J2 санатында 70 кг салмақта ұлыбританиялық Кристен Тайлорды ұстау әдісімен қапы қалдырды.

Сол секілді Ерлан Конкиев J2 санатында 90 кг салмақта тағы бір ұлыбританиялық Джек Ходсонды иппонмен тізе бүктірді.

Кеше қазақстандық парадзюдошылар 1 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлдеге ие болған еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ақмарал Науатбектің Токиода парадзюдодан Гран-при турнирінде чемпион атанғанын жазған болатынбыз.