Парагвай президенті банк дағдарысы мен жаппай наразылықтан кейін отставкаға кетті

АСТАНА. KAZINFORM – Парагвай президенті Сантьяго Пенья елдегі банк дағдарысы мен жаппай наразылықтар аясында қызметінен кететінін мәлімдеді. Ол бұл шешімін әлеуметтік желіде жариялаған бейнеүндеуінде жеткізді, деп хабарлайды BBC .

Фото: Bernd von Jutrczenka/dp/Global Look Press

Президенттің отставкаға кетуіне елдегі ірі қаржы ұйымдарының бірі Ueno Bank-тің күйреуінен туындаған дағдарыс себеп болды.

Банк жұмысын тоқтатып, Парагвай Орталық банкінің басқаруына өткен. Соның салдарынан үш миллионға жуық клиент жинақ ақшасына қол жеткізе алмай қалды.

Бұл жағдай ел көлемінде жаппай наразылыққа ұласты. Шеруге шыққандар президенттің отставкаға кетуін талап етті. Сантьяго Пенья 2025 жылға дейін аталған банкке иелік еткен топтың акционерлерінің бірі болған.

– Егер қандай да бір сәтте халықтың үмітін ақтай алмасам, кешірім сұрағым келеді. Маған білдірген сенімдеріңізге қиянат жасау ешқашан ойымда болған емес, – деді Сантьяго Пенья.

Ол елдегі тұрақтылықты, қоғамдық тыныштық пен демократиялық институттарды сақтау үшін қызметінен кету туралы шешім қабылдағанын айтты. Сонымен қатар өз тарапынан қандай да бір заңсыз әрекет жасалғаны жөніндегі айыптауларды жоққа шығарды.

Бұған дейін Парагвай Конгресінің төменгі палатасы президентке импичмент жариялау рәсімін бастауға дауыс берген. Оның қызметінен кетуін өзі мүше болған партияның депутаттары да қолдаған.

Пеньяға мүдделер қақтығысына жол берді және Ueno Bank-тің күйреуіне қатысты деректерді жасырды деген айып тағылып отыр.

Енді мемлекет басшысы қызметін вице-президент Педро Альяна атқарады.

Ueno Bank мәліметінше, оның үш миллионға жуық клиенті бар. Бұл Парагвайдағы ересек тұрғындардың шамамен 60 пайызына тең. Банкте азаматтардың зейнетақы жинақтары мен мемлекеттік қаражаттың бір бөлігі сақталған.

Апта басында банк қызметінің тоқтауы миллиондаған адамның есепшоттарына қол жеткізуін шектеді.

Сантьяго Пенья 2023 жылы биліктегі консервативтік «Колорадо» партиясынан президент болып сайланған еді.

Айта кетейік, бұған дейін Перуде үкіметке қарсы наразылықтар аясында төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылданған болатын. Елде президенттік билік пен Конгресс арасындағы келіспеушіліктер бірнеше рет саяси дағдарысқа ұласқан.