НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қытай астанасы Бейжің қаласында 2022 жылғы XIII қысқы Паралимпиада ойындарында пара биатлоннан отырып сырғанауда бүгін 2 спортшы ел намысын қорғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Спортшылар парабиатлоннан 10 шақырымға отырып сырғанауда жарыс жолына шықты. Ел құрамасынан аталған сайысқа Сергей Усольцев пен Ербол Хамитов жарыс жолына шықты.
Бәсеке барысында алтын медальды қытайлық Лю Мэнтао еншіледі. Одан кейінгі орындарды германиялық Мартин Фляйг пен украиналық Тарас Рад өзара бөлісті.
Ал қазақстандық Сергей Усольцев мәре сызығын 14-ші болып қиды. Ол жарыс жеңімпазынан 5:15.4 көрсеткішімен қалып қойды. Ал Ербол Хамитов 16-орынды місе тұтты. Ербол алтын медаль иесінен 5:12.1 уақытқа кеш келді.
Енді тағы бір қазақстандық Александр Герлиц пара биатлоннан 10 шақырымға тұрып сырғанауда жарыс жолына шығады.
Қысқы Паралимпиада 4 және 13 наурыз аралығында өткізіледі. Онда әлемнің 50 мемлекетінен келген 700-ге тарта спортшы бақ сынауда. Қазақстан атынан барған 5 параспортшы спорттың екі түрінен жарысқа қатысуда.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.