Паралимпиадашы Зүлфия Ғабидуллинаны тонап кетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жамбылдық полицейлер «Рио2016» XV жазғы паралимпиадалық ойындардың чемпионы, жүзуден Қазақстан Республикасының халықаралық санаттағы спорт шебері, 12 мәрте әлем рекордын орнатқан Зүлфия Ғабидуллинаны тонап кеткен күдіктіні қамауға алды, деп жазады ec-sport.kz.

2017 жылдың 29 сәуірінде Зүлфия Ғабидуллина Тараз қаласының ІІД-не белгісіз біреулер пәтеріне кіріп, бағалы заттары мен ақшасын ұрлап кеткендігі туралы өтініш берген. Ұрлықтан келген материалдық шығын 1 млн 350 мың теңгеге бағаланған. Бұл факт сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне қомақты көлемде ұрлық жасау бойынша тіркеуге алынған.

«Ұрлықшылар қызым екеуміз үйде болмағанды пайдаланып, терезе арқылы кірген. Олар олимпиада медальын іздеген болуы керек, алайда оны таппаған. Үйдің астан-кестеңін шығарып, қолға түскен бағалы заттардың  барлығын алған.Итімізге обал болды, оны электрошокермен үнін өшірген сияқты. Ит біраз уақытқа дейін адамдардан қорқып жүрді», - дейді спортшы Зүлфия Ғабидуллина.

Жамбыл облысы ІІД баспасөз қызметінің мәліміттеріне қарағанда, жамбылдық полицейлер аталған ұрлық жасау ісі бойынша А есімді күдіктіні қолға түсіріп, сотқа жіберген.