Финалда Францияның Пари Сен-Жермен клубы Англия Премьер-лигасының қазіргі чемпионы Арсенал командасын пенальти сериясында жеңіп, Еуропаның басты клубтық турниріндегі чемпиондық атағын сақтап қалды.
Кездесудің негізгі уақыты мен қосымша таймдары тең аяқталды. Ойынның 6-минутында германиялық шабуылшы Кай Хаверц «Арсеналды» алға шығарды. Ал екінші таймның ортасында қазіргі «Алтын доп» иегері Усман Дембеле пенальтиден есепті теңестірді.
Пенальти сериясында париждік клуб мергендік танытып, Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанды.
Осылайша, Пари Сен-Жермен турнирді қатарынан екінші маусымда жеңіп шықты. Бұған дейін мұндай жетістікке тек Реал Мадрид қол жеткізген болатын.
Француз клубының құрамында ресейлік Матвей Сафонов, украиналық Илья Забарный және грузиялық Хвича Кварацхелия да Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанды.
Қорытынды есеп: «Пари Сен-Жермен» – «Арсенал» 1:1 (пенальти сериясы – 4:3).
Бұған дейін хабарланғандай, Еуропалық футбол қауымдастықтарының одағы (УЕФА) офсайд ережесін өзгерту туралы ұсынысты қолдамады.