Париж көшелеріне 110 мың адам наразылық шеруіне шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Париж полициясы префектурасының мәліметінше, 24 қазанда өмір сүру құнының қымбаттауына қарсы ұйымдастырылған наразылық шеруіне шамамен 110 мың адам қатысты. Жалпы қала мен оның маңындағы жағдай тыныш, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: The Guardian

Наразылық білдірушілер шеруі күндіз Париждің 13-округіндегі Порт-д’Итали ауданынан басталып, жергілікті уақыт бойынша сағат 17:00-де Порт-де-Венсенге жетті. Шеру бағыты қаланың шетіндегі Маршалдар бульварлары арқылы өтті.

Бұл бағытты полиция префектурасы алдын ала бекіткен. Бастапқыда ұйымдастырушылар шеруді Бастилия алаңынан Насьон алаңына дейін өткізуді жоспарлаған. Алайда таңертең әкімшілік сот бағытты өзгертуге қатысты ұйымдастырушылардың шағымын қанағаттандырмады.

Наразылық акциясы қарсаңында Франция билігі қауіпсіздік шараларын күшейтті. Ел бойынша шамамен 70 мың полиция қызметкері мен жандарм жұмылдырылды. Бұл 17 қазандағы көрсеткіштен 20%-ға көп.

Қауіпсіздік мақсатында Парижде Лувр, Орсе және Пикассо музейлері сияқты ірі мәдени нысандар уақытша жабылды. Қаланың бірқатар ауданында дүкен иелері күзетті күшейтіп, ғимараттардың алдына қорғаныс қалқандарын орнатты. Ал Елисей алаңдары мен Триумф аркасы маңында «Сентинель» операциясына қатысатын әскери қызметшілер кезекшілік атқарды.

17 қазанда Франция Ішкі істер министрлігінің бағалауынша, ел бойынша наразылық акцияларына шамамен 550 мың адам, оның ішінде Парижде 110 мыңға жуық тұрғын қатысқан. Ал ұйымдастырушылар қатысушылар саны 800 мыңға дейін жеткенін мәлімдеді.

Сол кездегі кейбір шерулер қақтығыстарға, өрт қою және тонау оқиғаларына ұласып, 2000-нан астам адам ұсталған.

24 қазандағы наразылық акциясы «Екінші акт» деп аталатын қозғалыс аясында ұйымдастырылды. Оған кәсіподақтар, студенттер мен лицей оқушыларының бірлестіктері, сондай-ақ «сары жилеттер» қозғалысының өкілдері қатысты.

Ұйымдастырушылар халықтың сатып алу қабілетін арттыруды және мемлекеттік қызметтерді қорғауды талап етіп отыр.

Лион, Марсель, Нант және Бордо қалаларында жекелеген қақтығыстар тіркелгенімен, Париждегі негізгі шеру полиция мәліметінше, бейбіт жағдайда өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Франция билігі 24 қазандағы жаппай наразылық акцияларына байланысты ел бойынша 70 мың полиция қызметкері мен жандармды жұмылдырған болатын. Қауіпсіздік шаралары аясында Париждегі бірқатар мәдени нысан уақытша жабылды.