Париж Олимпиадасы: Нариман Курбанов ел қоржынына 42 жолдаманы сыйлады

Фото: Фото: Спортты дамыту дирекциясы

БІШКЕК. KAZINFORM – Бүгін Катар астанасы Дохада өтіп жатқан спорттық гимнастикадан әлем кубогының шешуші кезеңінде қазақстандық Нариман Курбанов Париж Олимпиадасының лицензиясына қол жеткізді.

Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі мәлім еткендей, ат снарядындағы финалда Нариман 4-сатыға тұрақтап, ал негізгі қарсыласы Ли Чи Кай (Қытайдың Тайпейі) күміс жүлде алды. Осылайша, жалпы әлем кубогының рейтингінде қазақстандық гимнаст 3-сатыда қалады.

Осылайша, спорттық гимнастикадан Ұлттық құрама сапынан жазғы ойындар жолдамасын Милад Карими мен Нариман Курбанов алып үлгерді.

Қазір барлығы Қазақстанда 14 спорт түрінен 42 лицензия бар.

Естеріңізге сала кетсек, бүгін Жапония астанасы Токиода өтіп жатқан каноэ мен байдаркада ескек есуден Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы Париж Олимпиадасына 6 лицензия жеңіп алды.

Одан бөлек бүгін Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан лицензиялық турнирде қазақстандық балуан Әлішер Ерғали мен 125 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп жүрген Юсуп Батырмұрзаев Париж Олимпиадасының жолдамасына ие болды.