Париж олимпиадасына қатысатын Қазақстан теннис құрамасы анықталды

Фото: Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM – Париждегі XXXIII жазғы олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан теннис құрамасы анықталды.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, құрамды жасақтау олимпиада регламенті негізінде жүргізілді. Ойыншылардың ATP және WTA әлемдік рейтингтеріндегі жеке орындары ойындарға қатысуға рұқсат берудің негізгі біліктілік критерийі ретінде есептелді.

Осылайша, биыл олимпиадалық теннис жарысында Қазақстанның намысын жекелей сында Елена Рыбакина (№4), Юлия Путинцева (№34), Александр Бублик (№23) және Александр Шевченко (№58), жұптық сында Александр Бублик – Александр Недовесов қорғайтын болады.

Алдағы олимпиадада әлемнің 58-ракеткасы Александр Шевченко Қазақстан теннис құрамасы сапында алғаш рет өнер көрсетеді. Халықаралық теннис федерациясы (ITF) А.Шевченконың Қазақстанмен бұрыннан бар мәдени және отбасылық байланыстарын, сондай-ақ анасының Жезқазған қаласының тумасы екенін ескеріп, оған еліміздің туы астында өнер көрсетуге рұқсат берді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Уимблдонның үшінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.